Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен БҰҰ жариялаған Тұрақты даму мақсатындағы Халықаралық волонтерлер жылы аясында Сьерра-Леоненің Бомбали ауданында экологиялық және ағартушылық іс-шаралар ұйымдастырылуда, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Equiearth Foundation Sierra Leone қорының қолдауымен жүзеге асып жатқан жобаға жас волонтерлер тартылып, оларға арнайы оқыту жүргізілген. Сонымен қатар мектептер мен елді мекендерде экологиялық акциялар өтіп, жастар климаттың өзгеруі мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Волонтерлер аумақтарды тазалау, ағаш отырғызу шараларына қатысып, мектептерде экологиялық мәдениетті насихаттайтын экоклубтардың жұмысын жолға қойған.
Бастама БҰҰ-ның климаттың өзгеруіне қарсы күрес, сапалы білім беру, құрлық экожүйелерін сақтау және тұрақты даму бағытындағы мақсаттарын жүзеге асыруға бағытталған.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба волонтерлер қозғалысының экологиялық мәселелерді шешудегі және жергілікті қауымдастықтардың әлеуетін арттырудағы маңызды рөлін көрсетеді.