Сеулдегі құрылыс алаңында Қазақстан азаматы қаза тапты. Ақпаратты Сыртқы істер министрлігі растады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
ҚР СІМ мәліметінше, қазақстандық жазатайым оқиға салдарынан көз жұмған.
"Қазіргі уақытта Корея Республикасының құзырлы органдары оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу жұмыстарын бастады. Қазақстандық дипломаттар марқұмның туыстарымен байланыс орнатып, оларға консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр", – делінген хабарламада.
Оңтүстік Кореяның ресми органдары таратқан деректерге сәйкес, қайғылы жағдай таңғы сағат 09:45 шамасында Сеулдің оңтүстігіндегі Сочо ауданында болған. 23-қабатта тұрған ер азаматтың үстіне бетон бөлігі құлаған.
Нысанның бас мердігері – Hyundai Engineering & Construction компаниясы.