Сеул маңындағы өрттен 38 адам қаза тапты

1273

Тағы 10 кісі түрлі деңгейде жарақат алған.

Сеул маңындағы өрттен 38 адам қаза тапты

Оңтүстік Корея астанасы Сеул қаласының маңындағы қойманың құрылыс алаңын қызыл жалын шарпып, салдарынан 38 адам ажал құшты. Өрт Ичхондағы ғимаратта күндіз басталған. Жергілікті Yonhap агенттігің дерегінше, мамандар оны сөндіруге 5 сағат жұмсаған. Зардап шеккендердің 8-і ауыр халде. 

Алдын ала болжам бойынша, алаңның өртке орануына құрылыс кезіндегі жарылыс себеп болған екен. Куәгерлер бірнеше жарылыстың болғанын айтады. Қазір полицейлер мен өрт сөндірушілер тергеу амалдарын жүргізіп, апаттың себебін анықтап жатыр. 

"От тез таралып кеткен болу керек. Өйткені қаза тапқандар қауіпсіз жерге барып үлгермеген", – дейді өрт сөндірушілер.

Ел президенті Мун Чжэ Ин осы орайда шұғыл отырыс өткізіп, шенеуніктерге іздестіру-құтқару операцияларын тиісті деңгейде жүргізуді тапсырды.

"Мұндай жағдайдың тағы да орын алуы өте өкінішті. Бұл біздің бұрын болған қайғылы оқиғалардан қорытынды шығармағанымызды білдіреді", – деді президент.

Еске сала кетсек, 2017 жылдың желтоқсан айында Чечхон қаласындағы спорт орталығындағы өрт салдарынан 29 тұрғын қаза тауып, 40 адам жарақат алған еді. Осы оқиғадан кейін тура бір ай өткен соң, Мирян қаласында тілсіз жаудан 45 адам жантәсілім болды.

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу