"Кеңес одағы кезінен облыста су тапшылығы өзекті. Сол кезде ауылдарды қамту үшін магистральды су құбырлары арқылы Ресейдің Қорған облысынан да су алып отырған. Бүгінде аталмыш құбырлар ескіріп, тозды. Қазір істеп тұрғаны – 10, істен шыққаны – 14. Құбырлар істен шыққанда 527 ауылдан 276-сы сусыз қалды да, көрсеткішіміз төмендеп кетті. Бірақ оны шешуге тырысып жатырмыз. Былтыр халықтың 64 пайызы сумен қамтылса, биыл 72 пайыздан асты", – деді әкім ОртКом қызметінде өткен баспасөз жиынында.
Оның айтуынша жұмыс үш бағытта жүргізіліп жатыр.
"500-ден астам адам тұратын тірек ауылдарды орталық сумен қамтып жатырмыз. 200-ден астам адамы бар ауылдарға су тарату-тазарту пункттерін орнатып жатырмыз. Ал мүлде кіші ауылдарға су тазарту пункттерімен қатар тасымалдап беріп отырмыз", – деді Мұхамбетов.
Ол келесі жылы көрсеткішті 86 пайызға дейін жеткізуді көздеп отырғанын айтады.
Айта кетейік, Президент 2025 жылға дейін барлық өңірді таза ауызсумен 100 пайыз қамтуды тапсырған.
Тасқын Болатұлы