Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин орта бизнесті дамыту жоспары әзірленетінін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Үкімет отырысында Президенттің Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру шаралары қаралды.
"Кәсіпкерлерді ірілендіруді ынталандыру үшін Орта бизнесті дамыту жоспары әзірленеді. Құжатта ұзақ мерзімді қаржыландыру, технологиялық жаңғырту, бизнеске әкімшілік қысымды бәсеңдету тетіктері көрсетіледі. Құрылтай депутаттарымен бірлесіп, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап микро- және шағын кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге және профилактикалық бақылауға үш жылдық мораторий енгізу мәселесі қаралады", – деді Азамат Әмрин.
Вице-министрдің сөзінше, халықтық цифрлық экономиканы құру шеңберінде кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шаралары маркетплейстерді, банктерді және логистиканы қоса алғанда, цифрлық сервистердің мүмкіндіктерімен біріктірілетін болады.
Сондай-ақ сыни экономикалық тәуелділіктерді басқаруда және сценарийлік талдауларды әзірлеуде жасанды интеллектінің заманауи технологиялары қолданылмақ.
Айта кету керек, бұған дейін 2027 жылдан бастап шағын және микробизнесті тексеруге мораторий енгізілуі мүмкін екенін жазғанбыз.