Шағын бизнесті қымбат несиелер "тұншықтырып жатыр" – сарапшы

280

Мұндай пікірді Atameken Business FORUM алаңында Nomad Life директорлар кеңесінің мүшесі Қуат Домбай айтты.   

Шағын бизнесті қымбат несиелер "тұншықтырып жатыр" – сарапшы Фото: МАРИС НЕДВИЖИМОСТЬ

Ол кәсіпкерлердің жоғары пайыздық мөлшерлеме мен салық реформасының қысымынан бизнесті кеңейтуден бас тарта бастағанын да жеткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жалпы, Қазақстандағы қазіргі фискалдық саясат пен несие құнының қымбаттығы шағын және орта бизнестің дамуын тежеп отыр.

Спикердің айтуынша, еліміздегі шағын және орта бизнес ұзақ жылдар бойы тапқан табысын қайта инвестициялау арқылы дамып келді. Десе де, бүгінде бұл тетік іс жүзінде жұмысын тоқтатып барады. Бұған биліктің салық реформасы аясында жеке сектордан шамамен 5 трлн теңге тартуды жоспарлауы және банк несиелерінің қолжетімсіздігі себеп болған.

Қуат Домбай соңғы 6 жылда туризм саласында кәсіп жүргізіп келе жатқанын айтып, өз тәжірибесінен мысал келтірді. Оның сөзінше, жобасын кеңейту үшін несие алуға талпынғанымен, жоғары пайыздық мөлшерлемеге байланысты бұл жоспарынан бас тартуға мәжбүр болған.

– Өткен жылы туризм саласындағы жобамды кеңейту үшін коммерциялық банктердің біріне жүгіндім. Маған кепілзатпен жылдық 22 пайыз, кепілзатсыз 28 пайыз мөлшерлеме ұсынылды. Бірақ мұндай пайызбен даму мүмкін емес. Егер 28 пайыздық несие алсам, 5 жыл бойы тек банк үшін жұмыс істеп, табыс көрмеймін. Банк үшін ақшаның қалай жұмсалғаны маңызды емес, өйткені оның тәуекелі кепілзат арқылы толық жабылған. Соның салдарынан жаңа қызметкерлер алу мен жобаны ұлғайту жоспары тоқтап қалды, – деді ол.

Сарапшының пікірінше, экономикадағы негізгі проблемалардың бірі – Қазақстан Ұлттық Банкі базалық мөлшерлемесінің жоғары болуы және салықтық жүктеменің артуы. Оның айтуынша, Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі 18 пайыз деңгейінде сақталып, коммерциялық несиелер одан да қымбат болып тұрған жағдайда шағын және орта бизнес халықтың әл-ауқатын арттыратын негізгі қозғаушы күшке айнала алмайды.

Қуат Домбайды алдағы салық реформасы да алаңдатып отыр. Оның пікірінше, мемлекет бюджет тапшылығын мемлекеттік шығындарды оңтайландыру арқылы емес, бизнестің айналым қаражатын қысқарту есебінен жабуға тырысуда.

– Салықтық өзгерістер аясында жеке сектордан қосымша алымдар арқылы шамамен 5 трлн теңге тарту көзделген. Осы уақытқа дейін шағын және орта бизнес өз капиталын өндіріске қайта инвестициялау арқылы өсіп келді. Енді бұл қаражат бюджетке кетеді. Ал екінші деңгейлі банктер бұл капитал тапшылығын толтыра алмайды. Нәтижесінде кәсіпкерлер жоғары тәуекелге байланысты несие алудан қорқады, экономикалық белсенділік төмендейді және жалпы экономикалық ахуал нашарлай береді, – деді ол.

Қазіргі пайыздық мөлшерлемелер жағдайында Қазақстанда негізінен қысқа мерзімді сауда қаржыландыруы мен алыпсатарлық бөлшек сауда ғана өміршең болып отыр. Ал өңдеуші өнеркәсіпті дамыту іс жүзінде мүмкін болмай қалған. Қуат Домбайдың пікірінше, бизнестің қалыпты дамуы үшін ұзақ мерзімді қаржының құны жылына 4-5 пайыз деңгейінде болуы қажет.

Мысал ретінде ол Әзербайжан тәжірибесін келтірді. Сарапшының мәліметінше, бұл елде базалық мөлшерлеме 6 пайыз деңгейінде сақталып, соңғы 5 жылда мұнайға қатысы жоқ өңдеуші шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 40 пайыздан 72 пайызға дейін өскен.

Сондай-ақ, Қуат Домбай Қазақстандағы қайта қаржыландыру мөлшерлемесі өңірдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі екенін және оның санкция қысымындағы Ресей деңгейінен де жоғары екенін айтты. Оның пікірінше, бизнесті қолдаудың "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы жүзеге асырылатын нүктелік субсидиялау тетігі өз тиімділігін жоғалтқан.

– Қазір Аустралия мен Жаңа Зеландия Қытайға ет экспортын ұлғайту үшін жер ресурстарының тапшылығымен күресіп жатыр. Ал алып нарықтың дәл іргесінде отырған Қазақстан оған лайықты көлемде өнім жеткізе алмай келеді. Мемлекеттік қолдау жүйесі тиімсіз. Егер шағын және орта бизнес өкілі ретінде қолжетімді қаржы ресурстарына ие болсам, кәсіпорнымда 6 емес, 12 адам жұмыс істер еді. Бірақ қазіргі жағдайда жаңа жұмыс орындарын құру немесе экономиканы әртараптандыру туралы айту қиын, – деп сөзін түйіндеді Қуат Домбай.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу