Шаханда қираған үйдің от жағушысы іздестіріліп жатыр

1157

Шаханда қираған үйдің от жағушысы іздестіріліп жатыр

Шаханда құлаған үйде кезекші болған от жағушыға іздеу жарияланды. Бұл туралы Шахан әкімі мәлім етті, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.

"Менің бар білерім, от жағушы әлі күнге дейін табылған жоқ. Іздестіру жұмыстары жүріп жатыр. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу шаралары қолға алынды", – деді әкім Сержан Аймақов журналистерге берген сұхбатында.

Еске сала кетсек, 1 қаңтар күні 22 сағат 40 минут шамасында Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаментіне Шахан кентінде көпқабатты үйдің құлағаны жөнінде арнайы хабар келіп түскен. Қираған үйдің астынан 9 адамның мәйіті табылды. Олардың 3-еуі ер адам, 3-еуі әйел адам, тағы үшеуі бала. Үйдің құлауына 4-ші кіреберістің жертөлесінде орналасқан қазандықтың жарылуы себеп болған. Құлаған үй 1987 жылы салынған. Апат болған кіреберісте 10 пәтер болған. Әкімдіктің мәліметтері бойынша, үйде 118 адам тұрып жатқан. Құлаған кіреберісте 25 тұрғын, қонақтарды қоса алғанда шамамен 30 адам болған. Шахандықтар орталықтандырылған жылу жүйесі болмағандықтан жылу мәселесін өздері шешкен.

Билік өкілдерінің мәліметтерінше, жаңа қазандық салу жоспары 2013 жылға қойылған. Жоба-сметалық құжаттар дайындалғанымен қаржы мәселесі қолбайлау болып келген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу