"Шахмат керуені". Қызылордалық екі ағайынды финалда сынға түсті

408

"Шахмат керуені" - елімізде интеллектуалдық ойынның дамуына тың серпін беруге бағытталған жоба. 

"Шахмат керуені". Қызылордалық екі ағайынды финалда сынға түсті Фото: Википедия

Екі ай ішінде 19 аймақта турнир өткізіп, ала тақта үздіктерін анықтайтын "Шахмат керуені" Қызылордаға да келіп жетті. Орталық алаңда керуеннің келуіне арналған шара өтті. Бүгінде облыста 14 175 адам шахмат ойнаса, оның 7 189-ы ауыл тұрғындары екен. Жас зиялы қауымға 365 жаттықтырушы осы ойынды үйретеді. Шара барысында Қызылорда облысында Қазақстан шахмат федерациясының филиалы ашылды.

Федерация вице-президенті Марат Есенов филиалдың ашылуы өңірде шахматты дамытуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

"Қазірдің өзінде көптеген бастамалар жүзеге асырылуда. "Мектептегі шахмат" пилоттық жобасы аясында Қызылорда облысындағы бес мектептің оқушылары осы зияткерлік ойынмен кәсіби түрде айналысуда", - дейді Марат Есенов.

Алаңға орнатылған киіз үйде шахматтан блиц турнирі өтті. Гранд финалға шығу құқығына 20 шахматшы таласты. Олардың тек үшеуі ғана жеңіске жетті. 1-2-орын иегерлері ағайынды болып шықты, ал 3-орын иегерлері олардың бапкерлері екен. Марапаттаудан кейін әйелдер арасындағы халықаралық шебер, Әлем вице-чемпионы Әсел Серікбай бір мезгілде 10 шахматшымен ойын өткізді.

Айта кетейік, "Шахмат керуені" Қазақстанның барлық өңірін аралап, әр өңірден жеңімпаз атанған шахматшылар 10 қарашада еліміздің рухани астанасы Түркістанда өтетін гранд финалда сынға түседі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу