Қазақстанның шахматтан әйелдер құрамасы алғаш рет әлемнің үздік әйелдер командасымен ашық бәсекеге түседі. Ойын бұл жолы классикалық емес жылдам ойналатын рапид және блиц форматына құралған. Әр командаға тәжірибесі мен жас ерекшеліктеріне қарай 8 ойыншыдан кіреді. Қазақстандық спортшыларды гроссмейстер Гүлмира Дәулетова басқарса, әлем командасына Дана Рейзниеце-Озола жетекшілік етеді. Әйелдер арасындағы бұл матч 2023 жылдың классикалық шахматтан әлем чемпионаты аясында ұйымдастырылған. Жарыс Астана қаласында сәуірдің 17сі мен 19-ы аралығында өтеді.
"Бұл чемпионаттың біздің елде өтіп жатқанына өте қуаныштымын. Бұл шара шахматты жастар арасында кеңінен насихаттап, спортқа қызығушылығын арттыруға сеп болады деп ойлаймын. Дәл осы матч аясында басқа да қызықты іс-шаралар өтеді", - дейді ҚР Шахматтан әйелдер құрамасының мүшесі Бибісара Асаубаева.