Шахта басшылығы оқыс оқиғаны жасырып қалғысы келгені анықталды

755

Шахта басшылығы оқыс оқиғаны жасырып қалғысы келгені анықталды

"АрселорМиттал Темиртау" АҚ-ның лауазымды қызметкерлерінің Ленин атындағы шахтада болған жайсыз жағдайды жасырып қалу әрекеті әшкереленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кәсіпорын басшылары жұмысшының жарақат алу жағдайын жасырып қана қоймай, жол-көлік оқиғасын ойлап тауып, шахтердың жарақатты соның салдарынан алғандығын дәлелдеп бағуға тырысты. Кәсіпорын басшыларының жымысқы әрекетін Шахтинск қаласының соты әшкереледі.

Кейін мәлім болғанындай, 9 қараша күні жұмыс істеп жатқан жұмысшы биіктіктен құлап кетіп, оның әріптесі алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Ал дәрігерлер жұмысшының басынан және иығынан қатты соққы алғандығын растаған. Жайсыз оқиғаны бөлім бастығы тіркеуге алмаған. Ол жұмысшыға демалыс беріп, үйіне жіберген. Ал ол үйіне кетіп бара жатып, жолда есінен танып қалған. Осыдан кейін емдеу шаралары бірнеше айға созылған. Осы себепті шахтер компанияны жауапқа тартпақ болған. Ол Ленин атындағы шахтаның басшылығына қарсы арыз жазып, жайсыз оқиғаны растап, тиісті акт беруін сұраған. Алайда өзге шахтерлердан оқиға туралы сұрағанда олардың барлығы оқиғадан бейхабар болып шыққан. Яғни болған жайдың дәлелі жоқ. Сөйтіп, компания жұмысшының басында болған жайды мойындаудан бас тартқан. Зардап шеккен азамат Шахтинск қаласының сотына шағымданды. Шахтаның лауазымды қызметкерлері жол-көлік апаты болғаны туралы білетіндерін және жарақаттың сол апаттың салдарымен тікелей байланысты екендігін сенімді түрде мәлім еткен. Алайда судья мұндай апаттың болмағандығын дәлелдеді.

"Жауапты азаматтың жол-көлік оқиғасы туралы мәліметтері расталмады. Ішкі істер органының өкілдері мұндай оқиға болмағандығы жөнінде анықтама берген, зардап шеккен азаматтың медициналық тексеру жөніндегі құжаттары да оның жол апатына түспегендігін дәлелдеді",-деді Шахтинск қалалық сотының судьясы Ерлан Сыздықов.

Шахтада болған жайсыз жағдайды судья толықтай растады және "АрселорМиттал Темиртау" компаниясына Қарағанды облыстық еңбек инспекциясы мамандарының қатысуымен осы оқиғаға тексеру жүргізуге мәжбүрледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу