Шахтадағы апат: жауаптылар жеті жылға сотталуы мүмкін

876

Төтенше жағдайға қатысты жан-жақты аудит жүргізуге келген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы заңда осындай жаза қаралғанын жеткізді.

Шахтадағы апат: жауаптылар жеті жылға сотталуы мүмкін

Қазір бұл қайғылы жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды. Ал, құтқарушылар болса әлі екі кеншіні іздестіруді жалғастыруда. Соңғы мәлімет бойынша апаттан 3 адам көз жұмып, 11 адам ауруханаға түсті.

"Қазақстан" шахтасынан шыға алмай қалған үшінші кенші де өлі табылды. Екі тәулік өтсе де, шахтадағы өртті ауыздықтау мүмкін болмай тұр. Соған қарамастан, құтқарушылар жер астынан шыға алмай қалған кеншілерді іздестіру жұмыстарын тоқтатқан емес. Деседе, қара қою түтін мен кен орнындағы ыстық ауа қатты кедергі келтіруде. Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Вадим Басин екі кеншінің тірі қалуына үміт аз дейді.

"Қаншама уақыт өтті. Олардың қорғаныш құралдары қазір жұмыс жасап тұрған жоқ. Ол бес сағатқа ғана жарамды. Соған қарамастан, үмітімізді үзбей, іздестіруді жалғастырып жатырмыз", - деді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Вадим Басин.

Қазір апат болған кен орнында арнайы комиссия құрылды. Оған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бас инспекторы төрағалық етеді. Оның сөзінше, апатқа жауаптылар жеті жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Деседе, бас прокуратура қайғылы жағдай бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 277-бабымен қылмыстық іс қозғады.

"Тергеуден кейін апаттың себептері анықталып, метериалдар сотқа барады. Сол кезде сот жауапкершілікті анықтайды. Қылмыстық кодекске сәйкес, егер сот шешімімен басшылық кінәлі деп танылса, онда жеті жылға дейін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған", - деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанов.

Аталған қайғылы жағдайға қатысты еліміздің кәсіподақ федерациясы өкілдері де алаңдаушылық білдіріп отыр. Олар жыл сайын болып жатқан апаттарға компанияның өніріс орындарындағы қауіпсіздікті сақтамауынан туындап отыр дейді. Соңығы екі жылда АрселорМиттал Теміртау компаниясына тиесілі 8 шахтасында 8 кенші қаза тауып, 26 адам жарақат алған. Ал екі жұмысшының тағдыры әлі белгісіз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу