Шахтер, металлургтердің зейнет жасын төмендетуді ұсынды

1195

"Шенеуніктер мемлекетке кімдердің арқасында кіріс кіріп жатқанын ұмытып кете береді".

Шахтер, металлургтердің зейнет жасын төмендетуді ұсынды

Мәжіліс депутаты Мақсат Раманқұлов қауіпті мамандықтағы жұмысшылар үшін зейнеткерлік жасты төмендетуді сұрады. Оның сауалы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановқа бағытталды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. 

Оның айтуынша, жақында Қарағанды облысындағы "Абай" шахтасында болған қайғылы оқиға бұрын "1-тізім және 2-тізімге" сәйкес зейнетақымен қамсыздандыру құқығына ие болған қауіпті және аса қауіпті кәсіп өкілдеріне әлеуметтік әділеттілік мәселесін шиеленістірді.

"Мәселе тек қаза тапқандардың отбасыларына төленетін төлемдер мен өтемақыларға қатысты шиеленіскен жоқ. Мәселе мынада, қауіпті саладағы жұмысшылардың көпшілігі зейнеткерлік жасқа дейін, ешқандай апат болмаса да, неше түрлі ауру табады. Көпшілігі зейнеткерлік жасқа дейін өмір сүрмейді. Осыған байланысты "Ақ жол" депутаттық фракциясы 1 және 2-тізімдерге сәйкес шахтерлер, металлургтер және басқа да мамандықтар үшін зейнетке шығу жасын баяғы межеге қайтару қажет деп санайды", – деді мәжілісмен.

Депутат Еңбек Министрлігі бұл сұрақтарға бірнеше рет жауап бергенін еске салды. Олар зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін азаматтар зейнетақы аннуитетін 40 жастан пайдалана алады дегенді дәлел ретінде ұстап отыр. Бірақ шарт бойынша төлемдер 50 жастан басталады. Өйткені жұмысшылардың жалақысы зейнетке ерте шығуы үшін қажетті соманы аталған мерзімде жинауға мүмкіндік бермейді екен.

"Зейнетақы жасын төмендетуден бас тарта отырып, мемлекеттік органдар мұндай шешім қабылдау үшін ондаған миллиард теңге қажет екенін айтады. Бірақ дәл осылай бола тұра, жыл сайын ондаған емес, жүздеген миллиард бюджет қаражаты тиімсіз жұмсалады. Мұны Есеп комитеті айғақтайды. Қызығы сол, осындай ауыр еңбек жағдайында жұмыс істейтін адамдардың арқасында мемлекетке кіріс кіріп жатқанын шенеуніктер ұмытып кете береді", – деп атап өтті депутат.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу