Шахтинск қаласында қараусыз қалған ғимараттар жөнделіп, пайдалануға беріле бастады

571

Шахтинск қаласында қараусыз қалған ғимараттар жөнделіп, пайдалануға беріле бастады

Шахтинск қаласында бір кездері қараусыз қалған ғимараттар қайта қалпына келтірілуде. Қалада жұқпалы аурулар ауруханасы және екі үй пайдалануға берілді. Үйдің біреуі көпбалалы отбасыларға, екіншісі басқа санаттармен кезекте тұрғандарға тапсырылды, деп хабарлады өңір әкімінің баспасөз қызметі.

Бұл нысандарда Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Шахтинск қаласына жұмыс сапары кезінде болып қайтты.

Орталық қалалық аурухананың аумағында қараусыз қалған шаруашылық бөлігі қалпына келтірілді. Ғимараттың жарамды екені анықталғаннан кейін оны инфекциялық госпиталь ретінде қайта құру туралы шешім қабылданған болатын.

"Инфекциялық модуль ғимараты 30 төсекке есептелген, оның бесеуі реанимациялық. Жеке кіреберісі бар бокстар қарастырылған. Ішінде бәрі дайын. Аумақты абаттандыру қалды", – деді қалалық аурухананың бас дәрігері Марат Байманов.

Шахтинск қаласындағы бос тұрған үйлерді қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Көпбалалы отбасыларға арналған 15 пәтерлі үйдің бірінде ішкі әрлеу жұмыстары басталды. Екіншісінде – жалға берілетін үйде де құрылыс жұмыстары белсенді жүргізілуде.

"Бізде 90-жылдардан бос қалған екі үй болды. Оларды коммуналдық меншікке рәсімдедік. Бір үй көпбалалы отбасыларға арналған. Ол өте ыңғайлы, себебі онда 3 және 4 бөлмелі пәтерлер бар. Жыл соңына дейін барлық жұмыстарды аяқтауды жоспарлап отырмыз", – деді Шахтинск қаласының әкімі Сержан Аймақов.

Жеңіс Қасымбек сондай-ақ Жұмыспен қамту жол картасы бойынша дене шынықтыру-сауықтыру кешені құрылысының қалай жүріп жатқанын тексерді, оны салып беруді жергілікті кеншілер сұраған болатын. Бассейні бар спорт нысанын келесі жылы пайдалануға беру жоспарлануда.

Айта кету керек, Жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша қалада екі мектептің жөндеу жұмыстары аяқталып, №3 ЖББМ аумағында стадион абаттандырылды.

Жұмыс сапарының соңында облыс басшысы Шахтинск қаласын дамыту жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу