Шахтинскідегі апат: шахталарды улы қалдықтардан залалсыздандыру 25 жыл бойы жүргізілмеген

1054

"АрселорМиттал Теміртау" АҚ 25 жыл ішінде жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша шахта қабаттарында улы заттарды залалсыздандыру жұмыстарын жүргізген жоқ.    

Шахтинскідегі апат: шахталарды улы қалдықтардан залалсыздандыру 25 жыл бойы жүргізілмеген Фото: Тұрар Қазанғапов

Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"АрселорМиттал Теміртау" акционерлік қоғамына көмір шахталарының тау-кен қазбаларын қауіпсіз күйде ұстап, оларды желдетіп әрі қауіпсіздік бойынша технологиялық жұмыстарды жүргізетін қызметкерлердің штатын жасақтау қажет. Сонымен қатар, қажетті жабдықтарды белгіленген мерзімде уақтылы ауыстыруы тиіс. Яғни, бекітілген негізгі желдету құрылғыларын пайдалану мерзімі - 14 жыл. Қазіргі кезде мұнда 1970-1980 жылдардан бастап қолданылып келе жатқан желдеткіштер апатты жағдайда тұр", - делінген баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Сондай-ақ, комитет ақпараты бойынша көмір өндірілетін қабаттардағы улы газ сияқты зиянды қалдықтарды залалсыздандыру бұрғыланған ұңғымалар арқылы негізгі жұмыстар басталғанға дейін жасалуы тиіс. Ал "АрселорМиттал Теміртау" шахталарда жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт қабылданған 25 жылдың ішінде жүргізбеген.

"Өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі барлық аталған іс-шараларды, тәуелсіз сараптамалық ұйымдардың ұсынымдарын орындау - республиканың қауіпті өндірістік объектілеріндегі апаттар мен өндірістік жарақаттардың санын азайтуға мүмкіндік береді деп санаймыз. Ленин атындағы шахтада болған апаттың барлық себептері тергеу қорытындылары бойынша анықталады. Сондай-ақ, осындай апаттардың алдын алу үшін тиісті іс-шаралар әзірленетінін хабарлаймыз", - делінген комитеттің баспасөз қызметінің хабарламасында.

Құзырлы орган мәліметінше, өнеркәсіп қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жылына бір рет жүргізіледі. Тексеру жұмыстары бұрын 30 күн болса, қазір ол 15 күніне дейін қысқартылған. Комитет ақпаратына қарағанда, жыл сайын жаңадан ашылып жатқан кәсіпорындар саны артып, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы тексерулерді жүзеге асыратын инспекторлық құрам штаты қысқарған. Атап айтқанда, 1640 адамнан қазіргі таңда 381 қызметкер ғана жұмыс істейді.

"Қарағанды облысының Шахтинск қаласындағы Ленин атындағы шахта іске қосылған 1964 жылдан бері 69 адамның өмірі қиылған. Бұл бір ғана шахтада болған апаттардың статистикасы", - деп мәлімдеді Төтенше жағдайлар министрі Ю.Ильин.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу