2004 жылы туған елордалық спортшылар шайбалы хоккейден Қазақстан Республикасы чемпионатының жеңімпаздары атанды, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
№ 10 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері төртінші турды аяқтап, турнирлік кестеде көш бастады.
Елордалық хоккейшілер жарыстың соңғы кезеңінде топ жарды. Алдыңғы кездесулердің қорытындысы бойынша астаналық команда қарағандылық "Юность" және өскемендік "Торпедо" командаларымен тең ұпай жинаған. Бірақ ҚР чемпионатының қорытындысы бойынша "Астана-2004" рекордты мөлшерде ұпай (69) жинап, абсолютті жеңімпаз атанды. Екінші орында "Торпедо", үшінші орында "Юность" командалары.
Айта кетейік, үздік ойыншыларға арналған сыйлықтар да елордалық команданың ойыншыларына бұйырды. Эдуард Негрий "Чемпионаттың үздік шабуылшысы", ал дефендер Дмитрий Бреус "Үздік қорғаушы" деп танылды. 2004 жылы туылған балалар арасындағы хоккейден республикалық чемпионатта қарағандылық команданың форварды Данил Свинтальский – "Үздік шабуылшы", "ПСО" голкипері (Екібастұз) Аркадий Гущин – "Үздік қақпашы" атанды.
Еске сала кетейік, "Астана-2005" командасы да (А және Б топтары) отандық чемпионатта алтын жүлде иеленген болатын.