Кездесу барысында қазақстандық хоккейшілер басымдық танытты. Ойын тізгінін өз қолында ұстауға тырысты. Кореялық хоккейшілер дөрекі қимылымен бірнеше мәрте мұзайдыннан қуылды.
Ойынның 2-минутында қазақстандық Роман Старченко есеп ашса, одан кейін Тамерлан Гайтамиров 31, Аркадий Шестаков 34-минутта есепті үстемелей түсті.
Ал 51-минутта қазақстандық Дмитрий Гренц, 59-минутта Кирилл Полохов көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.
Осылайша ел құрамасы қарсыласынан 5:0 есебімен басым түсті.
Екі құрама бұған дейін алты мәрте кездесті. Оның бесеуінде қазақстандық хоккейшілер басым түсті.
2017 жылдың 23 сәуірінде бірінші дивизионның А тобында Оңтүстік Корея тұңғыш мәрте қазақстандық хоккейшілерді 5:2 есебімен сүріндірген еді.
Биыл қазақстандық хоккейшілер топ-дивизионда В тобында сынға түседі. Қарсыластары - Канада, Чехия, Швейцария, Латвия, Словакия, Норвегия, Словения.
Ал Оңтүстік Корея бірінші дивизионда А тобында 29 сәуір-5 мамыр аралығында Ұлыбританияның Ноттингем қаласында Италия, Ұлыбритания, Литва, Польша, Румыниямен топ-дивизионға жалғыз жолдаманы сарапқа салады.
Енді ел құрамасы 24 сәуірде аталған қарсыласымен тағы бір мәрте шеберлік байқасады.