Шала туған сәбилердің көру қабілетін сақтап қалуға арналған қондырғы орнатылды

601

Еліміздегі әйелдердің уақытынан бұрын босанып, сәбилердің шала туу көрсеткіші жыл сайын артып барады.

Шала туған сәбилердің көру қабілетін сақтап қалуға арналған қондырғы орнатылды Фото: egemen.kz

Бұл нәрестелерге дер кезінде медициналық көмек көрсетіп, аман алып қалу үшін заманауи қондырғылар қажет. Ана мен бала ғылыми орталығы шала туған шақалақтардың көру қабілетін сақтап қалуға арналған сондай бір жаңа лазерлік аппаратпен толықты. Бұл құрылғымен жасалған операциялар оң нәтиже көрсетіп келеді. Оны орталыққа GasEnergy компаниясының қолдауымен "AYALA" қайырымдылық қоры жеткізіп берді.

Қазақстанда жыл сайын 22 мың бала шала туса, оның 40 пайызына ретинопатия диагнозы қойылады. Бұл нәрестенің көру қабілетінен айырылу қаупі жоғары деген сөз. Аталған дерттің сыртқы белгілері жоқ, оны тек алдын-ала медициналық тексеріс арқылы анықтауға болады. Ретинопатия табылған сәбидің көз жанарын сақтап қалу үшін лазерлі құрылғымен операция жасалады. Елімізде оны өткізетін санаулы мекеменің бірі - Ана мен бала ғылыми орталығы.

"Оның әр деңгейі бар, бір деңгейіне жеткенде лазерменен кагуляция жасап, баланың көз жанарын сақтап қалады. Сондай оталар бізде жасалады. Балалар барлық өңірден санитарлық авиация арқылы бізге жеткізіледі. Ол үкімет тарапынан тегін. Балаларға осы жерден лазермен ота жасап, балалар сосын еліне қайта алады", - деді UMC корпоративтік қоры медициналық директорының орынбасары Венера Алтынова.

Орталықта жыл сайын 400-ге жуық шала туған балаға операция жасалады. Офтальматолог мамандар бұл процессті жеңілдеткен жаңа лазерлік құрылғы екенін айтады.

"Бұл - шала туылған нәрестелерде пайда болатын ретинопатия диагнозына байланысты алтын стандартқа жататын, лазерлік  фотокогуляция операциясы жасалатын аппарат. Протокол бойынша 2,3 стадияда өзінің және басқа да көрсеткіштеріне байланысты оперативті емдеу жасалады. Яғни, нақты алдымызда тұрған аппаратпен жасалады", - дейді Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының офтальмохирург-дәрігері Жансая Байғабыл.

Лазерлік қондырғы ғылыми орталыққа қазақстандық gasenergy автожанармай құю желілерінің қаржылық қолдауымен AYALA қоры арқылы жеткізілді.

"Біздің "Аяла" қайырымдылық қорымен жұмыс істеп келе жатқанымызға 5 жыл. Ол  біздің басты серіктесіміз. Сондықтан олардың шешімін әрдайым қолдаймыз. Шала туған нәрестелерді емдеумен айналысатын медициналық мекемелерге қолдау көрсету керек деген шешімге келген де солар. Ал ол расымен де өте қажет дүние. Осы құрылғының көмегімен біз адамдардың көз жанарын сақтап қалуға дәнекер болып отырмыз", - дейді "Автогаз Трэйд" компаниясының операциялық директоры Омар Мустафин.

"AYALA" қоры елімізде 17 жылдан бері қайырымдылық шараларын ұйымдастырып келеді. Әсіресе, мүгедектігі бар балалардың еміне қосқан үлесі зор. Соның ішінде ұйым "шала туған сәбилердің ретинопатиясы" жобасын 2021 жылы өз назарына алған. Ана мен бала ғылыми орталығы - "AYALA" қоры ретинопатияны емдеуге арналған қондырғыны жеткізген он бесінші медициналық мекеме.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу