Ақтөбе облысында Шалқар аэродромын реконструкциялау жұмыстары басталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ақтөбе облысында жергілікті әуе желілері бойынша тұрақты жолаушылар тасымалы 2011 жылдан бері тоқтап тұр. Енді өңірде шағын авиацияны дамыту және әуе қатынасын қалпына келтіру үшін Шалқар аэродромын жаңғырту қолға алынды.
Конкурстық рәсімдердің қорытындысы бойынша реконструкция жұмыстарын жүргізетін мердігер болып "SK Best Spec Stroy KZ" ЖШС анықталды. Алдын ала жоспарға сәйкес, жобалау жұмыстарына бес ай, құрылыс-монтаж жұмыстарына алты ай қажет. Бұл мерзімге мемлекеттік сараптамадан өту уақыты кірмейді.
Шалқар қаласынан шамамен жеті шақырым жерде орналасқан аэродромның ұзындығы 1 200 метрлік ұшу-қону жолағы күшейтіледі. Сонымен қатар перрон мен рульдеу жолы жаңартылып, қоршау орнатылады. Жоба аясында модульдік жолаушылар павильоны салынып, қажетті жабдықтармен қамтамасыз етіледі.
Реконструкциядан кейін аэродром сыйымдылығы 19 жолаушыға дейінгі L-410 ұшақтарын қабылдай алады. Рейстерді күндізгі уақытта орындау жоспарланып отыр. Жолаушылар тасымалын "Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежай" АҚ базасында ұйымдастыру көзделген.
Әуе қатынасын қамтамасыз ету үшін ұшақтарды "Өнеркәсіпті дамыту қоры" АҚ арқылы қаржылық лизингпен сатып алу жоспарланған.
Құрылыс аяқталған соң аэродром сертификаттаудан өтуі тиіс. Әуе рейстерінің нақты іске қосылуы инфрақұрылымның дайындығына, ұшақтардың сатып алынуына және қажетті рұқсаттардың алынуына байланысты болады.