Шам шығаратын зауыт жұмысын бір жылға тоқтатты

Себебі кәсіпорын басшылығы ережені елемеген. 

Шам шығаратын зауыт жұмысын бір жылға тоқтатты Фото: Бионышева Елена

Павлодарда алюминий шығаратын кәсіпорынның қалдықтары тиісті нормадан асып кеткен. Осындай заң бұзушылыққа жол берген серіктестік қоршаған ортаға айтарлықтай зиян келтірді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Облыс орталығындағы "VECTOR-LED" ЖШС бірнеше жыл қатарынан шам шығарумен айналысып келеді. Бірақ өндіріс барысында Экологиялық кодекстің 41-бабының төртінші бөлігін өрескел бұзғаны анықталды. Атап айтқанда, полигонның өндірістік қуатына белгіленген көлемнен артық қалдық шығарған. Бір жыл аралығында өз алаңында бес тонна қалдықты үйіп қойған. Оның ішінде үлкен қаптармен көп көлемде алюминий жоңқалары, шлактар, құйма, брикеттер және жеңіл қорытпа дисктерді сақтаған. Ал бұл – лимиттен асқан көлем. Соның салдарынан қоршаған ортаға зиян келгендіктен жергілікті экология департаменті кәсіпорынға қатысты істі сотқа берді. 

Сот отырысы барысында "VECTOR-LED" ЖШС директоры өз кінәсін толық мойындады. Жиналған қалдық – шлак автокөлік дөңгелектерін шығаратын "Вектор-Павлодар" ЖШС қызметінен пайда болғанын түсіндірді.

Ережені елемегені үшін ҚР ӘҚБтК-нің 328-бабының төртінші бөлігінде кәсіпорынның қызметіне үш жылға дейін тыйым салу көзделген. Бірақ сот кінәлі тұлғаның істеген ісіне өкінетінін ескеріп, жазаны жеңілдетті. 

"VECTOR-LED" ЖШС Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 328-бабының төртінші бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, бір жыл мерзімге қызметіне тыйым салумен 2 584 400 теңге көлемінде айыппұл салынсын" - деген шешім шығарды. 

Ол заңды күшіне еніп үлгерді. Демек, көше, стадион шамдарын шығарып, өндіріс және сауда орындары, кеңселерді жарықтандырумен айналысатын кәсіпорын алдағы бір жылда тұралап қалады. Ал оның ары қарай ісін жалғастырар – жалғастырмасы белгісіз. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу