Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.
"Кеш жарық! Көп нәрсені, көңілдегіні сіздерге шығарайын деп едім, жүрегіме сыймай жүр. Осы жарты жылда өмірге деген көзқарасым түбегейлі өзгерді, мен көпшілікке танымал болдым. Осы жағдай мені қынжылтады. Шынында, мен көпшілікке танымал болуға ешқашан тырысқан емеспін, ол үшін жанымды салып, жарқырап жүруге ешқандай құмарым да, құлқым да жоқ. Әлі күнге дейін сұхбатқа, көпшілік алдында сөйлеуге шақыратын жерлер көп. Бірақ мен бас тартамын. Алайда, бұдан ешқайда қаша алмайтын секілдімін. Абай айтқандай, "өзіңде бармен көзге ұрып, артылам деме өзгеден". Бірақ өмір өз ережелерімен жүргізеді екен", – деп жазды ол.
Мемлекеттік айыптаушы одан көмек сұрайтын адамдар бар екенін, алайда бәріне бірдей көмектесе алмай жатқанын жеткізді.
"Осы таныстықтың арқасында көмек сұрағандар да бар, біреулеріне шама жетіп жатса, көмектесіп жүрмін, бірақ өкінішке қарай, көмек бере алмай жатқан жағдай да бар. Шама жетпейді, ол маған да оңай тимейді. Әрине, бәріміздің көзқарасымыз әртүрлі, бәрімізді біріктіретін нәрсе – адам болуға ұмтылыс. Жазба жазбай тұрып, көп толғанамын, ойланамын, өз-өзімді сынаймын, сіздерден сынды қабыл аламын. Бірақ шынымды айтсам, жазба жазып, масаттана қоймаймын. Барды бардай, жоқты жоқтай қабылдауды өмір өзі үйретті", – дейді Айжан Аймағанова.