Шамадан тыс жүк тасығандар айыппұл арқалады

346

Маңғыстау облысында тас жолдарда шекті шамадан асыра жүк тасымалдау дерегі азаятын емес. 

Шамадан тыс жүк тасығандар айыппұл арқалады Фото: Т. Әділ

Былтырдан бері жолдарда 1742 жүк көлігі тоқтатылып, салмағы арнайы таразыда өлшенді. Кейбірінің қорабында құрылыс материалдарының шамадан тыс артылғаны белгілі болды. Өкінішке орай, бұл өз кезегінде жолдардың мерзімінен бұрын бүлінуіне әкеп соғатын фактордың бірі.

"Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүк көлігінің әр білігіне түсетін салмақ 8 тоннадан аспауы керек. Алайда, кейбір жүргізушілер көліктің жүк салатын қорабынан 35-40 тоннаға дейін құрылыс материалын тиеп алады. Былтырдан бері мұндай заңбұзушылыққа барғандарға қатысты 279  әкімшілік іс қозғалды. 47 млн 765 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Сондай-ақ, жолда жүк тасу ережелерін сақтамаған көлік жүргізушілеріне 1135 әкімшілік іс рәсімделіп, 84 млн 558 мың теңге айыппұл салынды", - дейді "Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" РМК Маңғыстау филиалының басшысы Хамзат Сұлтанов.

Айта кетсек, жуырда ұлттық сапа орталығының қызметкерлері Маңғыстау өңірінде жол құрылысы жүріп жатқан нысандардың бірінен өрескел ақаулық тапты.
 
Жергілікті мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына қызметтік хат жолданып, нәтижесінде "Аско Сервис Шетпе" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің техникалық қадағалау сарапшысына әкімшілік-құқықбұзушылық туралы Кодекстің 317-бабы 3-бөлігіне сәйкес 180 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Сондай-ақ, техникалық қадағалау аттестатын пайдалану алты ай мерзімге тоқтатылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу