"Алматы – Ақтөбе" бағытындағы жолаушылар пойызы белгіленбеген жерден темір жолды кесіп өтіп бара жатқан ер адамды қағып кетті, деп хабарлайды inbusiness.kz көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Аталған факті бойынша Алматы-1 станциясының желілік полиция бөлімі Қазақстан Қылмыстық кодексінің 344-бабының 2-бөлігі – "Темір жол көлігін пайдалану немесе жол қозғалысы қауіпсіздігі ережелерін бұзудың абайсызда адам өліміне әкелуі" бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады", - деді полиция өкілдері.
Жыл басынан бері көліктегі полицейлер темір жолды белгіленбеген жерлерден кесіп өткені үшін 34 019 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартқан.
ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, пойыздардың адамдарды жиі қағып кету фактілері мына станцияларда тіркелген. Алматыда - 11, Шымкент - 7, Ақтөбе - 6 және Қарағанды-Сұрыптау және Тараз станцияларында 5 оқиға болған.