ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Астанадағы шетелдік инвесторлар кеңесінің 30-шы пленарлық отырысында Шанхай биржасы 25% үлеспен АХҚО жаңа биржасының акционеріне айналатынын жеткізді деп хабарлайды strategy2050.kz.
"АХҚО биржасын құру бойынша жұмыс аяқталуда. Жаһандық биржалық көшбасшылар санынан стратегиялық әріптестер айқындалды. Шанхай биржасы 25% үлеспен АХҚО жаңа биржасының акционеріне айналады, бұл Қытайдың инвестициялық өтімділігіне жол ашады. Американдық NASDAQ биржасымен жоғары технологиялық сауда тұғырнамасын енгізу жөніндегі келісімге қол қойылды. Сондай-ақ NASDAQ биржа капиталына кіру мәселесі де қарастырылуда", - деді Ж.Қасымбек.
Министр биылғы жылдың төртінші тоқсанында АХҚО биржасы алғашқы сауданы жүзеге асыруға дайын екенін хабарлады, бұл "Самұрық-Қазына" АҚ активтерін IPO мен жекешелендіруді бастауға мүмкіндік береді.
АХҚО 2020 жылға дейін Орталық Азия мен ТМД үшін өңірлік ислам хабы ретінде қалыптасу үшін қолайлы ортаны қамтамасыз етуге ұмтылады. Исламдық қаржыландыруды дамыту жоспарын құру ислам банк өнімдерін, капитал нарығының ислам құралдарын (сукук) және басқа да ислам қаржы құралдарын (такафул, иджара және т.б.) қамтиды. Лицензиялау бойынша құжаттар мен барлық қажетті реттеу актілерін әзірлеуді 2017 жылғы қыркүйекке дейін аяқтау жоспарланып отыр.