Бүгін Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтіп жатыр. Ауқымды шараға қатысу үшін бірқатар мемлекет басшылары мен үкімет мүшелері, министрлер Астанаға арнайы келді, деп хабарлайды 24.kz. тілшісі.
"Кешеден бері Астанаға әлем назары ауып отыр. Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысу үшін мемлекет басшылары, үкімет мүшелері бірінен соң бірі келді. Түрлі кездесулер өткізілді, тіпті концерттік бағдарламаға дейін қойылды. Ал енді бүгін қатысушылар бір үстел басына жиналып, ынтымақтастық ұйым аясында маңызды мәселелер талқылайды. Әрине бұл басқосу бұрынғыдан өзгерек. Үндістан мен Пәкістан ұйымға қабылданып отыр. Бүгін қос мемлекетке мүше елдің мәртебесін беру мәселесі қаралады. Еліміздің Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановтың пікірінше, осыдан кейін Шанхай ынтымақтастық ұйымының ролі мен маңызы арта түседі. Ал оған мүше мемлекеттерде тұратын адамдардың саны әлем халқының 40 пайызын құрайды. Айта кетейік, кеше ғана Елбасы осы мемлекеттердің премьер-министрлерімен кездесіп, ынтымақтастықты дамытудың жай-жапсарын талқылаған болатын. Сонымен ШЫҰ-ға мүше мемлекет басшыларының 17-кеңесінде жалпы алғанда 11 құжатқа қол қойылады деп күтілуде. Мемлекет басшылары Астана декларациясына мен экстремизмге қарсы іс-қимыл Конвенциясын қабылдайды. Ұйымның даму келешегін айқындайды. Бұған дейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұйым қызметінің экономикалық мазмұнын нығайту қажеттігін атап өткен еді. Бүгін келіссөздер кеңейтілген және жеке құрамда өтеді деп жоспарланып отыр.
Айтпақшы 2001 жылы Қазақстан, Қытай, Ресей мен Тәжікстан және Қырғызстан мен Өзбекстанның көшбасшылары бірігіп, ұйымның негізін қалаған болатын. Бүгінде бұл құрылым дәрежесі бойынша БҰҰ-дан кейінгі екінші орынға ие".