Шымкентте өз балаларын қорлаған ана 5 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Гүлмира Эргешоваға қатысты қылмыстық іс қаралды. Ол ҚК-нің 110-бабы 2-бөлігінің 1), 2) тармақтары бойынша айыпталды.
"Әйел 2017 жылы туған ұлының темекі шегіп отырғанын көріп, оны ұрып-соққан, кейін шанышқыны қыздырып, оның аузын күйдірген. Келесі күні ұлы кешірім сұрағанына қарамастан, оны қайтадан ұрып, дене жарақаттарын салған. Бірнеше күннен кейін Э. ұлы мен 2015 жылы туған қызын 10 мың теңге ұрлады деп айыптап, қыздырылған үтікпен ұлының бетін, қызының ішін күйдірген. Одан кейін балалардың шашын тақырлап алып, оларға психологиялық зиян келтірген. Сондай-ақ Э. балаларды өзенге апарып, мұздай суға секіруге мәжбүрлеп, оларды тұншықтырған", – делінген қалалық сот таратқан хабарламада.
Прокурор әйелге 4 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленушілердің өкілі сотталушыны кешіргенін мәлімдеді.
Гүлмира Эргешова өз кінәсін толық мойындап, шын жүректен өкінетінін айтып, өзін бас бостандығынан айырмауды сұрады.
Сот әйелді ҚК-нің 110-бабы 2-бөлігінің 1), 2) тармақтары бойынша кінәлі деп танып, ҚК-нің 55-бабының 8-бөлігіне сәйкес 5 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Үкім заңды күшіне енген жоқ.