"Шапағат" базарын сатып алатын әлеуетті инвестор табылмай тұр

954

Астана" ӘКК 2018 жылдың қараша айында "Шапағат" базарының ӘКК-ға тиесілі жарғылық капиталындағы 100 пайыз үлесін  мемлекеттік  тізілім порталында тендер арқылы сату туралы шешім шығарған болатын.

 "Шапағат" базарын сатып алатын әлеуетті инвестор табылмай тұр

Елордадағы "Шапағат" коммуналдық базары" ЖШС-ні сатып алатын әлеуетті инвестор табылмай жатыр. Бұл туралы бүгін "Астана" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы" АҚ  басқармасының төрағасы Нұрлан Жақыпов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Үкіметтің 2017 жылғы 11 сәуірдегі №194  қаулысына сәйкес бәсекелестік ортаға берілетін тәуекелді компаниялар, ұлттық холдингтер мен еншілес компаниялардың тізіміне "Шапағат" коммуналдық базары да  кірді. Бәсекелестіктік ортаға беру туралы ұсынысты Ұлттық экономика  министрлігінің табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын  қорғау комитеті жасады. "Шапағат" базарының қаланың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз  ету аясындағы стратегиялық маңызын ескеріп, "Астана" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы құзырлы органдарға базарды жекешелендірмеу туралы бірнеше хат жолдаған болатын. Алайда экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік  комиссияның 2018 жылдың 25 маусымдағы шешіміне сәйкес бізге "Шапағат" коммуналдық базарын  бәсекелестік ортаға өткізу туралы жұмыстарды жалғастыру тапсырылды", - деді ол.

Мемлекеттік комиссияның шешімін орындау мақсатында "Астана" ӘКК 2018 жылдың қараша айында "Шапағат" базарының ӘКК-ға тиесілі жарғылық капиталындағы 100 пайыз үлесін  мемлекеттік  тізілім порталында тендер арқылы сату туралы шешім шығарған.

"Нысанның  құнын анықтау мақсатында сату алдындағы дайындық  жұмыстарын жүргізілді. Берілген есепке сәйкес оның құны 1 млрд 130 млн теңгені құрады. Сондай-ақ тендерлік комиссия бірқатар талап бекітті. Атап айтқанда, серіктестік қызмет көрсету бағдарын сату-сатып алу келісімшарты жасалған мерзімнен бастап 10 жыл ішінде өзгертпеу, сауда  орындарын жалға алу бағасын 3 жыл ішінде өзгертпеу, тасымалдаушы ұсынатын бағадан әлеуметтік маңызы бар тауарларға қойылатын үстеме бағаны келісімшарт жасалған мерзімнен 10 жыл бойы 10 пайыздан асырмайтын деңгейде қалдыру сынды талаптар бар", - деді ол.

Оның дерегінше, базар 11 және 27 желтоқсан күндері электронды сауда мемлекеттік тізілім порталында сатылымға шығарылған.  Алайда әлеуетті  сатып алушылардың саны екеуден аспағандықтан өтпеген.  Келесі сауда-саттық 2019 жылдың қаңтар айына жоспарланып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу