"Шапағат" орталығында 34 қариядан коронавирус анықталды, екі адам қайтыс болды

790

Сондай-ақ орталықтың 1 қызметкері қауіпті індетті жұқтырған.  

"Шапағат" орталығында 34 қариядан коронавирус анықталды, екі адам қайтыс болды

Ақмола облысындағы "Шапағат" арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 34 қарттан коронавирус анықталып, 2 адам індеттен көз жұмды, деп хабарлайды coronavirus2020.kz сайты.

"Ақмола облысы Жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының "Шапағат" арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы Нұр-Сұлтан қаласынан 5 км жерде, Целиноград ауданындағы Аққайың ауылында орналасқан. 16 наурыз күні карантин жарияланған уақытта Орталықта қамқорлыққа алынған 147 адам (азаматтардың орташа жасы – 75) болды. Сол жерде жұмыс істейтін 74 адамның 51-і демалыс пен қашықтан жұмыс істеуге жіберілген. 2 сәуір күні 1947 жылғы азамат қайтыс болды. 6 сәуірде 1929 жылы туған әйел адам өмірден өтті. Екеуінде де коронавирус белгілері болмаған, індет қайтыс болғаннан кейін анықталды", – делінген ақпаратта.

Осы оқиғаға байланысты Ақмола облыстық Қызметтер мен тауарларлың сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті санитарлық-эпидемиологиялық тексеру жүргізген.

"Байланыста болған адамдар анықталып, COVID-19-ды анықтау бойынша лабораториялық тексеру жүргізілді. Инфекция жұқтырғандармен қарым-қатынаста болуына байланысты барлық қызметкерлер мен қамқорлыққа алынған азаматтардан қан талдауы алынды. ПТР-зерттеу нәтижесі бойынша, 9 сәуір күні 35 адамға COVID-19 диагнозы қойылды (қамқорлыққа алынған 34 адам мен 1 қызметкер әйел)", – делінген таратылған мәліметте.

Бүгінде барлық науқас инфекциялық стационарға оқшауландырылды. Бекітілген хаттамаға сәйкес ем алып жатыр. Олармен байланыста болған адамдарды анықтау және медициналық бақылау жұмыстары жалғасуда.

2020 жылдың 9 сәуірі күнгі мәлімет бойынша, Ақмола облысында 56 адамның COVID-19 жұқтырғаны расталды:

1. Целиноград ауданы – 51 жағдай;

2. Аршалы ауданы – 3 жағдай;

3. Көкшетау қаласы – 1 жағдай;

4. Шортанды ауданы – 1 жағдай.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу