Сырдария өзенінің жағдайы алаңдаушылық тудырып отыр. Бұл туралы Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Сырдария өзені бассейні ерекше алаңдаушылық тудыруда. Алдын ала есептер бойынша биыл вегетацияаралық кезеңде Шардара су қоймасында су ағыны ең төмен деңгейде болады деп жоспарланып отыр. Біз қойманы суға толтыру кезінде қиындыққа тап боламыз. Сондықтан өзеннің төменгі ағысына су төгуге шектеу қойдық. Вегетацияаралық кезең басталғаннан бері Сырдарияның төменгі ағысына 2 млрд-тан аса текше метр су келген жоқ", – деді Серік Қожаниязов.
Оның айтуынша, бүгінде Шардара су қоймасындағы Көксарай контрреттегіші өткен жылмен салыстырғанда 770 текше метрге аз су жинаған.
"Бұл жағдайды ескерсек, ҚҚСД келісілген болжамға сәйкес, су қоймасын толтыру өте қиын болады. Салдарынан Түркістан және Қызылорда облыстарының фермерлерін сумен қамтамасыз етуде мәселе туындауы мүмкін, сондай-ақ Арал өңіріндегі экологиялық жағдайдың күрделенуі ықтимал", – деді вице-министр.