Түркістан облысының тәртіп сақшылары Шардара су қоймасында заңсыз балық аулаған екі адамды ұстады, деп жазады inbusiness.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Ақпаратқа сәйкес, түнде жүргізілген рейдтік іс-шаралар кезінде Шардара АПБ табиғат қорғау полициясының қызметкерлері мен су ресурстарын қорғау жөніндегі инспекторлар жағалауда қайықтың көмегімен балық аулаған екі ер адамды анықтады.
Жергілікті тұрғындардан резеңке қайық, балық аулау құралдары, заңсыз ауланған 67 келі балық тәркіленді.
Аталған дерек ҚР Қылмыстық Кодексінің 335-бабы (Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерін заңсыз өндіру) бойынша тіркелді. Бүгінгі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиғаның мән-жайы анықталуда.