Шардара ауданында индустриялық инновациялық даму бағдарламасы аясында тағы бір балық зауыты ашылды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі. Жылына 600 тонна балық өнімдерін өндіруге қауқарлы зауыт "Оңтүстік" аймақтық инвестициялар орталығы арқылы 42 млн теңге төмен пайызбен несие алған.
Бүгінде 30 адамды жұмыспен қамтып отырған серіктестік алдағы уақытта өндірісін кеңейтіп, балық өсіруді де қолға алмақ. Қазір мұнда балықтың филе, мұздатылған және ысталған түрлері өндіріліп отыр. Ал өндірілген өнім Еуропа елдерінің нарығына шығарылады.
Шардара ауданында "Саодат" ЖШС-ның балық зауыты балық өңдеумен айналысатын төртінші кәсіпорын. Бұған дейін жұмыс істеп келген "Хамит" ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің балық өңдеу зауыты, "Шардарабалық-1" мен жеке кәсіпкер Талғат Жалғасбаевтың балық өңдеу зауыттары былтырғы жылы жалпы 4 мың тоннаға жуық балық өңдеп, 3,2 млрд теңгенің өнімін өндірді. Оның 80 пайыздан астамы шет елдерге экспортталды. Ал жаңадан ашылған кәсіпорындар есебінен биыл өнімін 30 пайызға арттыруды жоспарлап отыр.