Шардара ауданы, Алатау батыр ауылының тұрғыны Камила Әлішерқызы ауыл балаларының зияткерлік қабілеті мен ойша есептеу қабілетін арттырып жүр, деп жазады inbusiness.kz сайты Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Ол білімін кәсіпке айналдыру мақсатында мемлекеттен 1 млн 380 мың теңге қайтарымсыз грант алған. Қаржыға балаларға арналған менталды арифметика үйірмесін ашқан.
Бүгінде Камиланың оқушылары облыстық, республикалық жарыстарда топ жарып келеді. Ендігі кезекте оқушыларын Өзбекстан елінде өтетін халықаралық додаға дайындап жатыр. Ұстаздың айтуынша, сабақ арқылы балалардың ұсақ моторикасы дамып, зейіндері мен фотографиялық есте сақтау қабілеті артады. Одан бөлек, шығармашылық ойлау, байқампаздық, өз-өзіне сенімділік, нақтылық пайда болады.