Шардаралықтар шитті мақтаны жаңа әдіспен еге бастады

714

Шардаралықтар шитті мақтаны жаңа әдіспен еге бастады

Шардара ауданындағы Жаушықұм ауылының мақташылары тың технологиялық әдіспен шитті мақта егу ісін облысымызда алғашқылардың бірі болып бастады, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Мақта шитін жаңа тәсілмен еккен белсенділердің бірі "Иіржар-агро" ЖШС-і. Серіктестіктің егістік алқабында жаңа технологиялық әдіспен соңғы 5 жылдан бері мақта егіліп келеді. Былтыр 240 гектарға егілген мақталықтың әр гектарынан 51 центнерден өнім алған шаруалар биыл егістікті 300 гектарға ұлғайтып отыр.

Шаруалар жаңа технологиялық әдістің пайдасы мол екенін, бұл техника бір мезетте үш қызметті атқаратынын айтады. Мәселен, техника шит тұқымын шахмат әдісімен топыраққа біркелкі тастап, сонымен бірге тамшылатып суару жүйесін қоса көміп, оның үстінен пленка жауып та үлгереді. Осылайша, дәлдікпен егілген шит тұқымы тез өсіп, жетілсе, тамшылатып суарудың нәтижесінде қоза көсегі түгелдей дерлік ашылып, өнім көрсеткіші екі есе артады.

"Иіржар-агро" серіктестігінің атқарушы директоры Бақыт Қамбаровтың айтуынша биылғы жылы мақтаның элиталы "2747" және қытай сортын орналастырып жатыр. Бір гектарға 270-280 мың теңге шығын жұмсайтын шаруашылық берекелі күзде бұл шығынның еселеп қайтарына сенімі мол.

Жалпы Шардарада 59300 га жер игерілсе, оның 14 мыңнан астам гектарына шитті мақта егіледі. Ал Жаушықұм ауылында биылғы жылы жалпы 3702 га алқапқа әртүрлі дақыл егу жоспарланып отыр. Оның 300 гектарына жаңа техникалық әдіспен мақта егілмек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу