Шардара су қоймасының жағалауынан 60 туристік нысан салынады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шардара ауданының әкімі Болатбек Қыстауов мәлім етті.
Әкімнің сөзінше, ауданда туризм саласын дамыту мақсатында аталған нысандарды салуға 6,7 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылады деп жоспарланып отыр.
Елбасының Қазақстан халқына арнаған "Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік" атты жолдауында жүктелген міндеттердің орындалуы бойынша баяндаған аудан басшысы бүгінде Шардарада 36 гектар аумақта индустриялды аймақ құрылып, онда кәсіпкерлерге қажетті инфрақұрылым жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті. Мұнан бөлек ол Шардара ауданы балық өңдеу бойынша облыс көлемінде көш бастаушы аймақ екенін айтып, бұл бағытта өткен жылы жұмыс істеп тұрған 3 балық зауыты жалпы 4 мың тоннаға жуық балық өңдеп, 3,2 млрд теңгенің өнімін өндіргенін мәлімдеді. Ал оның 80 пайыздан астамы шетелге экспортталған. Сонымен қатар, биыл жылдық қуаттылығы 600 тоннаны құрайтын тағы бір балық өңдеу зауыты іске қосылып, 30 адамды жұмыспен қамтыған. Алдағы уақытта жаңадан ашылған кәсіпорындардың есебінен балық өнімдерінің көлемін 30%-ға арттыру жоспарланып отыр.
Брифингте Болатбек Қыстауов "Нұрлы жер" тұрғын үй бағдарламасы аясында Шардара қаласындағы Астана және Әл-Фараби көшелерінен 40 пәтерлі көпқабатты 2 тұрғын үйдің құрылысы басталатынын да жеткізді. "Құрылыс нысандары бойынша бүгіні таңда жобалау-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Ал биылғы жылы үш ауылдық округте, яғни Сүткент, Ақшеңгелді, Егізқұм ауылдарында жергілікті бюджеттен бөлінген 64 млн. теңгеге бір пәтерлі 9 үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға береміз деп отырмыз. Жалпы Шардара ауданында бүгінгі таңда 996 отбасы тұрғын үй кезегінде тіркелген. Олардың ішінде 126-сы жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар", - деді аудан әкімі.