Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы дипфейкке қатысты үкім жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
ҚМДБ дипфейк жасанды интеллектіні қолдану арқылы жалған бейнежазбалар жасау технологиясы екенін еске салды. Ислам діні ғылым мен технологияның дамуына, жаңалық ашуға тыйым салмайтыны айтылды. Мүфтият бұл даму адамзат игілігіне, әділеттілікке, адамгершілікке негізделіп, шариғаттың аясында жүзеге асуы тиіс екенін мәлімдеді. Яғни, кез келген технология игі мақсатта қолданылса – рұқсат, ал жамандыққа, зиянды мақсатта қолданылса тыйым салынады.
"Мұндай жалған ақпарат тарату ел тыныштығын бұзып, қоғам ішінде іріткі тудырады. Алдын алмаса, салдары елдің ынтымақ-бірлігіне сызат түсіріп, қоғамға залалын тигізеді. Deepfake әдетте өзгеге зиян келтіру мақсатында пайдаланылады", – деп хабарлады ҚМДБ.
Діни басқарма мұндай контент адамдарды қорқытып, өміріне қауіп төндіруі мүмкін екенін де ескертеді. Ал ислам діні адам өмірінің қауіпсіздігін ең маңызды мақсаттарының бірі ретінде қарастырады. Тіпті қалжың түріндегі қорқытуға да шариғатта қатаң тыйым салынған.
"Дипфейк технологиясы арқылы адамның шын мәнінде айтпаған сөздерін айтқандай немесе істемеген іс-әрекеттерін істегендей етіп жалған ақпарат таратуға, адамдарды алдауға шариғатта тыйым салынады", – делінген мүфтият шығарған пәтуада.