Шаруалар несие алу үшін әуре-сарсаңға түспеуі керек – Қасым-Жомарт Тоқаев

Президент "аграрлық шаруалар табысты болуы тиіс" деп есептейді.

Шаруалар несие алу үшін әуре-сарсаңға түспеуі керек – Қасым-Жомарт Тоқаев Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы бұл туралы Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

– Қаржыландыруға өтінім беруден бастап оны алуға дейінгі әуре-сарсаңды азайтып, рәсімдерді барынша оңтайландыру қажет. Бұл – бұрыннан келе жатқан мәселе.

Проблеманың шешімі оңай көрінгенімен, қайталауға тура келіп тұр. Басқаша айтқанда, шаруалардың кредитті өтеу қабілетін бағалайтын цифрлық модель енгізу керек. Біз ауыл шаруашылығына жасанды интеллектіні енгізу туралы жиі айтып жүрміз.

Жуырда ЖИ саласындағы жаһандық жетекші компаниялардың басшыларын қабылдадым. Олар бізге агросекторға жасанды интеллектіні енгізу мәселесімен айналысу жөнінде кеңес берді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Президенттің сөзінше, әлемдегі азық-түлік қауіпсіздігінің келешегіне қатысты болжамдар мәз емес. 

– Қазір Эль-Ниньо деп аталатын табиғи құбылыстың салдарына кешенді талдау жүргізілуде. Жорамалдар көңіл көншітпейді.

Бірақ Қазақстан бұл жағдайда үлкен артықшылыққа ие. Яғни орайлы сәтті пайдаланып, аталған салаға жасанды интеллектіні енгізу арқылы алға озуға және әлемдік ауқымдағы азық-түлік қорын қалыптастыруға мүмкіндігі бар. Осы істі неге қолға алмасқа? Меніңше, бұл міндетті бірінші кезекте Үкіметтегі осы мәселемен айналысатын блокқа жүктеу керек.

Мұндай құрал кредит беру туралы шешімнің объективтілігі мен ашықтығын қамтамасыз етіп, өтінімдерді қарау мерзімін және әкімшілік кедергілерді қысқартады. Жалпы, бізге жасанды интеллект ауыл шаруашылығының өнімділігін еселеуге қалай көмектесетінін зерделеу керек.

Әрине, ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру үшін қаржы құралдарын белсенді әрі тиімді қолданған жөн. Ал саланың өнімділігі ойдағыдай емес. Оны мойындағанымыз дұрыс, – деді Мемлекет басшысы. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке халықаралық қаржы ұйымдарымен бірге арнайы бағдарлама әзірлеу міндеті жүктелгенін де сөз етті. Құжатта әлемдегі озық тәжірибе де ескерілген. 

– Бағдарламада ұзақмерзімді шартпен қаржы тарту, техникалық және сараптамалық қолдау көрсету, заманауи технологиялар мен озық ғылыми әзірлемелерді қолданысқа енгізу тетіктері қарастырылуға тиіс, – деп сөзін қорытындылады Президент. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу