Шаруалар несие субсидиясына өтініш жібере алмай жүр

543

Gosagro.kz бірыңғай мемлекеттік субсидиялау ақпараттық жүйесі ақпаннан бастап іске қосылған. 

Шаруалар несие субсидиясына өтініш жібере алмай жүр Фото: Аграрный сектор

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасына шаруалардан gosagro.kz сайтының жұмысы бойынша шағымдардың түскеніне бір ай болды. Несиеге  субсидия алуы керек фермерлер сайтта өтініш жібере алмай жүр, деп жазады inbusiness.kz палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақпаратқа сәйкес, gosagro.kz сайты толық жұмыс істемей тұр. Бірнеше бағыт бойынша субсидияға өтінім беру мүмкін емес көрінеді. 

Шаруалардың несиесіне мемлекет тарапынан берілетін 16% субсидиясына өтініш жібере алмай жүрген кәсіпкердің бірі – Жамбыл облысы Жамбыл ауданы "Дихан несие" серіктестігінің төрағасы Дәулет Пернебекұлы.

"Бүгінде 22 пайызбен несие береміз. Оның 16 пайызы үкімет тарапынан субсидиялануы керек. Қазір үлкен мәселе туындап отыр. Әзірге www.gosagro.kz сайтында жұмыс істей алмай отырмыз. Өйткені бағдарламалары әлі "шикі". Енді ең бірінші мәселе қаңтар, ақпанда несие алған азаматтардың өтініштерін субсидияға жібере алмай отырмыз", – деді ол. 

Дәулет Пернебекұлы сайтты әзірлеуші мамандарға хабарласқан. Ол арнайы іске қосылған Telegram чатта сұрағын Ауыл шаруашылығы  министрлігінің өкілдері де, сайтты әзірлеушілер де жауапсыз қалдырып отыр дейді.

Оның сөзінше, келесі айларда тағы субсидия түспейтін болса, шаруалар несиені өздері төлеуі керек болады. 

"Ақпарат құралдары арқылы gosagro.kz жұмыс істеп жатыр деп хабарлағанымен бұл жалған ақпарат болып тұр. Ауыл шаруашылығы министрлігі неге бұлай айтып жатқаны түсініксіз. Бірақ қазір платформа жұмыс жасап тұрған жоқ, әлі бірде-бір өтінім тапсырған жоқпыз. Пайыздық мөлшерлемені субсидиялау деген функциясы жұмыс істеп тұрған жоқ. Құрған телеграм чаттарында да көп сұрақ қойылып жатыр. Чаттың админдері, ІТ мамандары жауап бере алмай жатыр. Көбінесе "жұмыс істеп жатырмыз, күтіңдер" деген жауаптар келеді, кейде мүлдем жауапсыз қалдырады", – деді қызылордалық кәсіпкер Алмат Абдуллаев. 

Алмат Абдуллаевтың сөзінше,  мемлекет беретін субсидияны ала алмаған фермерлер шаруасын дамытуға жинаған қаржыны жұмсап, шығынға батуда.

"Кәсіпкерлер наразы. Ақпаннан бастап қарыздарын өтей алмай жатқан соң төлеу мерзімін кешіктіріп, несие тарихы бұзылып жатыр. Сондықтан бұл бағдарламаға сенімсіздігін білдірді", – деді Алмат Абдуллаев. 

Шаруалар субсидияға өтініш беретін бір платформа ғана емес, басқа да жолдары болса деген ұсыныс айтты. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу