Шаруалар судың болмауына байланысты бірқатар мәселелерге кез болды

Мұның бәрі дақылдардың жай-күйіне әсер етті.

Шаруалар судың болмауына байланысты бірқатар мәселелерге кез болды Фото: inbusiness.kz

Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Үкімет отырысында айтты. 

"2023 жылы қолайлы ауа-райы жағдайлары егін жинау жұмыстарын уақтылы бастауға мүмкіндік берді және бүгінгі күні республика бойынша барлығы 2,4 млн гектар немесе 14,1% дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар жиналды.

Орташа өнімділігі гектарына 11,5 центнер болып, 2,8 млн тонна астық бастырылды. Айта кету керек, республиканың барлық өңірлерінде жаппай егін жинау басталды", – деді министр. 

Ведомство басшысының айтуынша, биыл ауыл шаруашылығы дақылдары жиналатын жалпы алаң 24,0 млн гектарды құрайды (бұл 2022 жылмен салыстырғанда 651,8 мың гектарға көп). Оның 17,4 млн гектарынан дәнді дақылдар жиналады.

Егер дақылдар бөлінісінде, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар дақылдар бөлінісінде қарайтын болсақ, бидай жиналатын алаң 13,7 млн гектарды құрайды, оның ішінде 1,5 млн гектардан астық жиналды, өнімділігі гектарына 11,8 центнер болып,1,8 млн тонна астық бастырылды.

2 799,5 мың гектардан майлы дақылдар жиналуға тиіс, бүгінде өнімділігі гектарына 6,9 центнер болып, 34,0 мың гектардан жиналды. Картоп 188,3 мың га алаңнан жиналуға тиіс, өнімділігі гектарына 208,9 центнер болып, 458 мың тонна жиналды. Көкөністер жиналатын алаң 164,8 мың га құрайды, өнімділігі гектарына 216,3 центнер болып, 1,5 млн тонна жиналды.

"Айта кету керек, егу науқаны сапалы тұқымдарды пайдалана отырып, оңтайлы уақытта жүргізілді. Фермерлер тыңайтқыштарды уақытында енгізді, арамшөптер мен ауруларға қарсы химиялық өңдеу уақтылы жүргізілді.

Сонымен қатар, 2023 жылы вегетациялық кезеңде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер құрғақшылыққа және суармалы судың болмауына байланысты бірқатар проблемаларға кез болды, бұл дақылдардың жай-күйіне әсер етті", – деді министр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу