Шаруалар үшін 376 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді

198

Жеңілдетілген дизель отынының бағасы – литрі үшін 250 теңге. 

Шаруалар үшін 376 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді Фото: inbusiness.kz

Көктемгі егіс жұмыстарына жеңілдікпен кредит беру көлемі 580 млрд теңгені құрады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Алғаш рет көктемгі егіс жұмыстарына жеңілдетілген кредит көлемі жылдық "таза" 5%-бен 580 млрд теңгеге дейін жеткізілді. Өткен жылдары бұл көлем 180 млрд теңгеден аспаған. Бөлінген қаражаттың 406 млрд теңгесі игерілді, қалған 174 млрд тенгені игеру жұмыстарын жеделдету қажет. Аграрлық несие корпорациясы арқылы Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияларды қорландыру есебінен ауыл шаруашылығы өндірушілеріне жеңілдікпен қаржыландыру беру арналары кеңейтілді", - деді ведомство басшысы.

Айдарбек Сапаровтың дерегінше, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияларды тарту бойынша белсенді жұмысты тек 5 өңір жүргізіп жатыр. Атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстары.

Қалған өңірлер Үкіметтің бастамасы негізінде іске асырылып жатқан шараларға тиісті деңгейде жұмыстар жүргізіп жатқан жоқ, деп атап өтті министр.

"Шаруалар қажетті көлем 2,4 млн тонна тұқыммен қамтамасыз етілді. Бұл ретте биыл элиталық тұқымдардың үлесі 7,1%-дан 9%-ға дейін өсті. 376 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны 250 теңге/литр бағамен бөлінді, бұл нарықтық бағадан 15%-ға төмен", - деді Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу