Шаруалар үшін блок-бекеттерден өту мәселесі шешілді

1114

Олар қағаз немесе электронды құжатпен өте алады.  

Шаруалар үшін блок-бекеттерден өту мәселесі шешілді

Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров елдегі көктемгі егіс науқанының орындалу барысы жайлы айта отырып, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер карантиндік жағдайға қарамастан көктемгі дала жұмыстарының мерзімін сақтап отырғанын айтты.

"Егіс науқаны бүгінгі күні 7 өңірде жүргізілуде. Еліміздің оңтүстігінде жаздық егіс алқабы 16%-дан 80%-ға дейін құрайды. Олардың 80%-на дейін егін егілген. Батыс Қазақстан, Атырау және Павлодар облысында егін егу жұмысы басталды, ал өзге өңірлерде бүгінгі күні егіс алды жұмыстары жүргізілуде. Өңірлер арзандатылған жанар-жағар май, тұқымдар және тыңайтқыштармен қамтамасыз етілді, техникалар дайын", – дей отырып, вице-министр шаруалар наразылығын тудырған блок-бекеттерден өту мәселесіне тоқталды.

Карантин аймақтарына кіре берісте қойылған блок-бекеттерден өту кезіндегі қиындықтарға қатысты фермерлерден, салалық қоғамдастықтардан министрлікке шағымдар келіп түскен. Сол себепті, ауыл шаруашылығы министрлігі шаруалардың жүріп-тұруының бірыңғай алгоритмін әзірледі.

"Блок-бекеттерде қағаз құжаттар да, электрондық рұқсаттар да ескерілуі тиіс деген шешім қабылданды. Ішкі істер министрлігі көктемгі дала жұмыстарын жүргізудің маңыздылығын барлық жергілікті полиция құрамдарына жеткізді. Қазір ең бастысы, жергілікті әкімдер шұғыл штабпен байланыста болулары қажет. Өйткені әкімдік өкілдері күнделікті блок-бекеттерде жұмыс істеуде. Қандай да бір қиыншылық туындаса, өте алмай тұрған фермердің мәселесін штаб арқылы сол жерде шешуге болады. Әрине блок-бекеттерде түсінбеушілік жағдай болуы мүмкін. Олар бойынша жедел түрде жұмыс жасаймыз, көмектесеміз. Шаруалар үшін блок-бекеттердегі бүкіл мәселе шешілді. Қағаз немесе электрондық рұқсаттар арқылы өтуге болады", – деп баса айтты Айдарбек Сапаров.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу