Шаруаларға дизель 14% арзанға сатылады

973

Жыл басынан бері ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге 11 мың тонна дизель отыны жіберілген.

Шаруаларға дизель 14% арзанға сатылады Фото: inbusiness.kz

Көктемгі егіс науқаны кезінде шаруаларға дизель отыны 13-14%-ға (21-22 теңгеге) арзанға сатылады. Бұл туралы Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Министрдің орынбасары ведомство ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, көктемгі егіс жұмысы кезінде шаруаларды арзан дизель отынымен қамтамасыз ету үшін арнайы кесте бекітілгенін атап өтті.

"Графикке сәйкес ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге тоннасы 174 мың теңге болатын дизель отынын Павлодар мұнай өңдейтін зауыты (МӨЗ), "ПетроКазахстан Ойл Продукс" компаниясы береді, ал Атырау МӨЗ тоннасы 172 мың теңге болатын арзан дизель отынын береді. Жоспарға сәйкес, жалпы 380 мың тонна дизель қарастырылған", - деді Әсет Мағауов орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Вице-министр шаруаларға берілетін дизель арзандау болатынын жеткізді.

"Жеткізу және басқа да шығындарды ескере отырып, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге дизель отынын жанар-жағармай құю автостанциясымен салыстырғанда 13-14%-ға немесе 21-22 теңгеге арзан (1 литрі үшін) беруді жоспарлап отырмыз", - деді министрдің орынбасары.

Оның айтуынша, 2021 жылдың 9 наурызында ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге 11 мың тонна дизель отыны жіберілген.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу