Биылғы жылы жеңілдетілген лизинг бағдарламасына бөлінетін қаржы көлемі 350 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Әсіресе, шағын және орта шаруашылық иелері бағдарламаның игілігін көріп отыр. Мәселен, былтыр лизинг алушылардың 99,9 пайызы осы санаттағы кәсіпкерлер болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ауыл шаруашылығының өркендеуі, ең алдымен, шаруалардың қолындағы техниканың жаңаруына байланысты. Заманауи техника еңбек өнімділігін арттырып қана қоймай, егіс пен орақ науқанын уақытылы өткізуге, шығынды азайтып, мол өнім алуға мүмкіндік береді. Осыны ескере отырып, Ауыл шаруашылығы министрлігі шаруалардың жаңа техника алуын жеңілдету мақсатында жеңілдетілген лизинг бағдарламасын кезең-кезеңімен арттырып келеді.
Бағдарлама бойынша ауыл шаруашылығы техникасын жылдық 5 пайызбен, 7 жылға дейінгі мерзімге алуға болады. Бастапқы жарна техника құнының 10 пайызынан басталады. Мұндай тиімді шарттар шаруалардың қаржылық жүктемесін жеңілдетіп, қомақты қаражатты бірден шығармай-ақ техника паркін жаңартуына жол ашады.
Әсіресе, бұл тетік шағын және орта шаруашылықтар үшін аса маңызды. Өткен жылдың қорытындысында жеңілдетілген лизингке қол жеткізгендердің 98,1 пайызы шағын бизнес өкілдері болса, 1,8 пайызы орта бизнес субъектілері болды. Ірі кәсіпорындардың үлесі небәрі 0,1 пайызды құрады. Бұл жеңілдетілген лизингтің ең алдымен ауылдағы шағын және орта шаруашылықтарды қолдауға бағытталғанын көрсетеді.
Бағдарламаның ауқымы жыл сайын кеңейіп келеді. Мәселен, 2024 жылы жеңілдетілген лизингке 120 млрд теңге бөлініп, соның арқасында 3,9 мың шаруашылық 4,3 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. 2025 жылы қаржыландыру көлемі 250 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Нәтижесінде 4,4 мыңнан астам шаруашылық 9 мың бірлік техникамен толықты.
Ал 2026 жылы бағдарламаға бөлінген қаржы көлемі 350 млрд теңгеге жетті.
Жыл басынан бері 8,2 мың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушімен жалпы сомасы 294 млрд теңгені құрайтын лизинг шарттары жасалды. Соның нәтижесінде шаруалар 9,3 мыңнан астам жаңа техника алады.
Осылайша, екі жыл ішінде бағдарламаны қаржыландыру көлемі үш есеге жуық артты.
Ал жеңілдетілген лизингке ие болған шаруашылықтар саны 2024 жылмен салыстырғанда екі еседен астам көбейді.
Техника жаңарту – жай ғана шаруашылықты жаңа машиналармен толықтыру емес, ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыратын маңызды қадам. Жаңа техника егіс пен жиын-терін жұмыстарын оңтайлы мерзімде жүргізіп, еңбек өнімділігін арттырып, жанар-жағармай мен техниканы күтіп ұстау шығындарын азайтады. Мұның бәрі түптеп келгенде шаруаның шығынын қысқартып, өнім өндіру тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
Ауыл шаруашылығы министрлігі шаруалардың жеңілдетілген қаржыға қол жеткізу мүмкіндігін одан әрі кеңейтуді көздеп отыр. Бұл жұмыс ауыл шаруашылығы техникасын жүйелі түрде жаңартуға, шаруашылықтардың өндірістік әлеуетін нығайтуға және еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға бағытталған.