Шарын шатқалындағы сел кезінде зардап шеккен екі адам стационардан шықты

1028

Педагог пен экскурсовод оқушыларды қорғаймыз деп жарақаттанған. 

Шарын шатқалындағы сел кезінде зардап шеккен екі адам стационардан шықты

Шарын шатқалындағы селден зардап шеккен екі адам Алматының №4 Қалалық клиникалық ауруханасында ем қабылдап, ем шаралары аяқталған соң үйлеріне шығарылды,  деп хабарлайды inbusiness.kz аурухананың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Селден аман қалғандардың бірі – 23 жастағы Мадина есімді алматылық гид. Ол ауруханаға жедел жәрдем бригадасымен  29 мамыр күні жеткізілген.

"Мен сол экскурсияда гид болдым. Шарын шатқалындағы сел көшкіні кезінде 4 оқушымен бірге тасқыннан әрең шығып, жарақат алдым. Алғашқыда ауырсынуды сезбедім. Маған балаларды автобусқа отырғызу, қалғандарын табуға көмектесу және ата-аналармен кездесу қажет болды. Ата-аналар балаларын алып кеткеннен кейін әпкем келгенде аяғымның ауырғанын және басымның қатты айналғанын сездім. Кейін есімнен танып, ауруханада ғана ояндым", - деді селден аман қалған алматылық.

Жарақаттанған экскурсовод туристік автобуспен қалаға жеткізілген, содан кейін туыстарымен бірге жедел медициналық жәрдем көлігімен №4 ҚК-ның  жарақат пунктіне келген.

"Науқас бірден жансақтау бөліміне жеткізіліп, кешенді тексеруден өтті. Оны травматолог, терапевт, анестезиолог бар дәрігерлердің мультидисциплинарлық бригадасы қарады. Бейінді бөлімшеде толық ем-шараларды алып шықты", - деді №4 Қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері Сағи Бейсенбеков.

Ал екінші зардап шеккен адам – №199 мектеп-гимназиясының Ұлжан есімді педагогы. 29 мамырда ол Шарын шатқалына экскурсияға мектеп оқушыларымен бірге барған. Төтенше оқиғаның нәтижесінде мұғалім жабық бас сүйек-ми жарақатын алған. Миы шайқалған, денесі де, аяқ-қолы да жарақаттанған. Оқиға болған күні жедел жәрдем көлігімен Ұйғыр орталық аудандық ауруханасына жеткізілді, ал 30 мамырда №4 Қалалық клиникалық ауруханасының қабылдау бөліміне өз бетінше жүгінген.

"30 мамырда науқас бейінді бөлімшеге жатқызылып, медициналық көмек алды. Шарын каньонында зардап шеккендермен бірге психологтар жұмыс істеді, бүгінде олар тұрғылықты жері бойынша одан әрі амбулаториялық емге шығарылды", - деді №4 Қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері Сағи Бейсенбеков.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу