Талдықорған қаласында марқұм Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. Тағы бір айыпталушы Шыңғыс Белғожаевтан жауап алынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Шерзатты мылтық атқан сақалдымен шатастырып тептім, ұрдым. Басқа ешкімді ұрып-соққан жоқпын. Дүкенде алдыға пышақпен жүгіріп келе жатқанда есікті тептім", - деді сотталушы.
Сотталушының қорғаушылары "Айыптау актісінің қай тұсымен келіспейсіз?" деп сұрады.
"Айыптау актісінде мен пышақтың сабымен ұрған деп жазылған. Сол жерімен келіспеймін. Қалғанымен келісемін", - деді Шыңғыс Белғожаев.
Мемлекеттік айыптаушы "Пышақты көліктен не үшін алып шықтыңыз?" деп сұрады.
"Бізге қарай пышақпен жүгіргеннен кейін мен де пышақты алып шығарып, ол кісі тоқтай ма деген мақсатпен шығардым. Багажниктен алдым", - деді сотталушы.
Айта кету керек, бұған дейін айыпталушы Нұрқияс Ілиясов Шерзаттың ағасын мылтықпен ұрғанын мойындағанын жазған едік.