Бүгін Ақордада екіжақты кездесу барысында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты өз еліне сапармен келуге шақырды, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА
"Бүгінгі келіссөздер, бүгінгі сапар тарихи оқиға деп санаймын", – деп атап өтті Мирзиеев екіжақты кездесу барысында. Сонымен қатар ол Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануын тарихи оқиға деп бағалап, Орталық Азия өңірі үшін зор маңызға ие екендігін де баса айтты.
"БҰҰ-дағы 2 жылдық тұрақты емес мүшелік барысында Ауғанстанға қатысты шаралар қабылданатындығына сенімім мол", – деді Өзбекстан президенті.
Оның айтуынша, Ауғанстандағы тұрақтылық пен бейбітшілік Қазақстан үшін де, Өзбекстан үшін де барынша маңызды.
"Сізбен жиі кездесіп, сағаттарымызды түзетіп, алға қарай ілгерілейміз деп уағдаластық. Нұрсұлтан Әбішұлы, мен Сізге өзіңізге ыңғайлы кез келген уақытта Өзбекстанға шақырамын. Сізбен Өзбекстанда кездесуге өте қуанышты боламын", – деді Мирзиеев.