Сондай-ақ, соттың шешімінсіз өзін "банкротпын" деп есептеп, қарызын төлеймейтіндер көбейеді. Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңға қатысты Халық банк басшысы Үміт Шаяхметова осындай пікір білдірді. Белгілі банкирдің сөзінше, жүйенің салдары қалай болатыны әзірге белгісіз. Ережені айналып өткісі келетіндердің саны артады. Қазірдің өзінде банкроттыққа көмектесетін делдал-фирмалар шығып жатыр. Хабарласып, банкроттықты рәсімдеуді ұсынатындар пайда болыпты.
"Бұл заң проблемалық борышкерлердің жүгін уақытша жеңілдетуі мүмкін. Бірақ бұл санатқа кіргісі келетіндер болашақта өздерін шектейтінін түсінуі керек. Олар 5 жылда қайта несие ала алмай, шу шығарып, шектеуді алып тастауды талап етуі мүмкін. Мемлекет тағы да көмектесіп, 5 жылдың орнына 1 жылдан кейін кредит алсын деген ереже енгізуі мүмкін. Бізде халықта масылдық көңіл күй жоғары. Ал мемлекет бұны қолдап, қолпаштайды", дейді Halyk Bank АҚ Басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова.
Шаяхметованың пікірін белгілі банкир Ғалым Құсайынов та қолдайды. Оның сөзінше, жауапсыз борышкерлер үшін жақсы клиенттер ақша төлейді. Яғни, жаңа кредиттердің ставкалары өседі. Себебі, банк кешірген кредиттің шығынын жаңа несиенің есебінен өтеуге тырысады. Осы ретте, банкирлер борышкерлер үшін ең тиімдісі - жылдық сыйақы ставкасын төмендету деп отыр. Еске салайын, қазіргі сыйақы ставкасы 56 пайыз. Реттеуші бұл мөлшерлемені түсіру үшін жұмыс істеп жатқанын мәлімдеген болатын.