Шегіртке қаупі туралы видео – фейк

553

Ауыл шаруашылығы министрлігі әлеуметтік желіде тараған видеоның жалған екенін айтты.

Шегіртке қаупі туралы видео – фейк Фото: Ашық дереккөзден

Қазақстан аумағында 1,5 млн гектар жерге шегіртке таралуы мүмкін. Мамандардың болжамына сәйкес, биыл оның 1,3 млн гектарына италиялық прус таралуы ықтимал, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.

Республикалық бюджеттен зиянкестермен күресуге пестицидтерді сатып алу, оларды сақтау, тасымалдау және қолдану жөніндегі қызметтерді сатып алуға 3,8 млрд теңге бөлінген.

"Әлеуметтік желілер мен түрлі топтарда Қазақстанның белгілі бір облысы аумағында шегірткенің таралғаны туралы фото және бейне материалдар пайда болды. Алайда, бұл ақпараттар көбінесе жалған болып шығады, өйткені жарияланған бейнежазбаларда басқа елдерде түсірілген кадрлар жиі қолданылады. Жалпы, республика бойынша италиялық прусқа қарсы өңдеу жұмыстары 1,1 млн га жерде немесе белгіленген аумақтың 85%-ында аяқталды. Өңдеу жұмыстары Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қызылорда және Павлодар облыстарында толығымен атқарылды", - деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

Бір күн бұрын Абай облысында зиянкестердің аздаған таралуы тіркеліп, онда қорғаныс шаралары уақтылы қолға алынып, қауіп сейілген.

"Атап айтқанда, Шаған ауылында 120 гектар жайылым өңделді, дақыл алқаптары зардап шеккен жоқ. Бұл ретте шегіртке зиянкестеріне қарсы химиялық өңдеу өсімдік өнімінің жоғалуына әкелуі мүмкін болған жағдайда ғана жүргізілетінін атап өткен жөн. Жалпы, барлық өңірлерде жергілікті жерлерде жұмысты үйлестіру үшін жедел штабтар құрылды, мониторинг және қорғау іс-шаралары бойынша жұмыстарды ұйымдастыру жоспарлары бекітілді", - дейді министрлік.

Республика бойынша химиялық өңдеулерді жүргізу кезінде 212 дана арнайы техника, оның ішінде 130 жерүсті желдеткіш бүріккіш, 35 аэрозольді газ генераторы, 26 жеңіл авиация кемесі және 21 ұшақ жұмылдырылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу