"Шегірткеден зардап шегіп жатыр": Депутат Түркістан халқын алаңдатқан мәселелерді атады

234

Шіркейлер биыл да жергілікті тұрғындарды әбігерге сала бастаған. 

"Шегірткеден зардап шегіп жатыр": Депутат Түркістан халқын алаңдатқан мәселелерді атады Фото: Youtube

Мәжіліс депутаты Ұласбек Сәдібеков Түркістан облысындағы шаруалар мен тұрғындардың мәселесін көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Биыл шаруалар бұрын-соңды болмаған қуаңшылықтың қыспағында қалды. Жайылымның қурауы, мал азығының тапшылығы, егін алқаптарының күйіп кетуі ел тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын қиындатып отыр. Мәселен, қуаңшылық салдарынан шаруалар дәнді және майлы дақылдардан жоспарланған өнімді ала алмауы мүмкін. Болжамға сәйкес, бүгінде жалпы егілген 390 мыңға жуық гектар алқаптың 20%-дан астамы жарамсыз күйге түскен. Алдағы уақытта да ауа райының қолайсыздығы күтілуде", - деді мәжілісмен.

Оның айтуынша, бұдан басқа өңірдегі аудандарда өзен-бөгеттер деңгейінің төмендеуі байқалады. 

"Әсіресе, Созақ пен Бәйдібек аудандарында жауын-шашынның азаюы мен жерасты сулар деңгейінің төмендеуі тіршіліктің тұтқасын ұстаған шаруаларға үлкен қиындық туғызып отыр. Бүгінде жергілікті тұрғындар күн сайын тасаттық беріп, жаратушыдан жаңбырдың жаууын сұрап отыр. Ал, Арыс қаласы мен Сарыағаш, Келес, Шардара, Отырар аудандарының тұрғындары жыл сайын шегіртке мен шіркейден зардап шегіп жатыр. Әсіресе, нәсібін жер анадан терген шаруалар үшін жағдай қиын. Күн санап көгертіп отырған егістігін қорғамаса, қып-қызыл шығынға батары анық", - деп атап өтті Ұласбек Сәдібеков. 

Ол шіркейлер биыл да жергілікті тұрғындарды әбігерге сала бастады деп отыр. Сөзінше, Отырар ауданына қарасты ауыл тұрғындары зиянкестерден теперіш көруде, сондықтан жергілікті тұрғындар бет аузын тұмшалап жүруге мәжбүр. 

Бұл Отырар ауданында орналасқан Арыстан баб кесенесіне келуші туристерге де қолайсыздық тудырып жатыр, деді ол.

Депутат бірқатар ұсыныс тастады: 

- қуаңшылықтан зардап шеккен аудандарда төтенше жағдай режимін жариялау мүмкіндігін қарастыруды және қуаңшылық зардаптарын еңсеруге бағытталған арнайы өңірлік бағдарлама қабылдап, оның аясында ғылыми негізделген агроэкологиялық шешімдерді жүзеге асыру; 

- "Аграрлық несие корпорациясы" арқылы көктемгі дала жұмыстарына берілген несие қаражаттары мен "ҚазАгроҚаржы" арқылы 2023 жылдан бері лизингке алынған техникалар бойынша несиелердің қайтару мерзімін 1 жылға шегеру.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу