Шекара қызметі Қостанай облысында жұмыс істеуге қызметкерлер іздейді

4050

Жұмысқа жаңадан тұрған қызметкерлерге баспана беріліп, 200 мың теңге көлемінде жалақы төленбек. Бұл туралы ҚР Әскери ғылым академиясының президенті Мұхтар Серікпаев 7 қаңтар күні өзінің фейсбуктегі парақшасында жариялады.

Шекара қызметі Қостанай облысында жұмыс істеуге қызметкерлер іздейді Фото: today.kz

"Президенттің Жарлығымен ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі қайта құрылды. Осыған байланысты мемлекеттік шекара құрылымдарын жеке құраммен жабдықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. COVID-19 вирусы салдарынан болған экономикалық дағдарыста жұмыссыз қалған жастарға шекара әскери қызметіне жұмысқа тұруға мүмкіндік беріліп отыр", – деп жазды полковник М.Серікпаев.  

Ал 8 қаңтар күні Қостанай облыстық шекара қызметі департаменті қызметкерлерді қабылдау шынымен жүргізіліп жатқанын растады. Жұмысқа 32 жасқа дейінгі, жедел әскери қызметтен өткен, Жоғары әскери-техникалық мектепті бітіргені туралы дипломы бар ер азаматтар қабылданады. Жұмыс орындары Қостанай облысының аудандарындағы Ұзынкөл, Қаратал, Курск, Қарабалық, Комаровка, Әйет ауылдарында және Жітіқара қаласында орналасқан.

Жаңа қызметкерлерге барлық жағдай жасалмақ. Оларға 200 мың теңге көлемінде жалақы төленіп, отбасының әр мүшесіне жалдамалы үйдің өтемі ретінде ай сайын 25 теңгеден қаржы беріледі. Бұған қоса, "Отбасы банк" АҚ арқылы "Әскери баспана" бағдарламасымен тұрғын үй алуға мүмкіндігі бар.

Сондай-ақ, шекара қызметіндегі әскери қызметкерлер жыл сайын 45 күндік еңбек демалысына шығып, небәрі 47 жасында зейнеткерлікке шығады.

Қымбат Нұрғали

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу