Шағын жинақты мектептердің көбі алыс ауыл-аймақтарда орналасқан, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл туралы БАҚ өкілдерінің сұрағына берген жауабында ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты. Оның сөзінше, елдің шекара маңындағы ауыл мектептері жабылмауы керек. Министрлік осы бағытта жұмыс істеп жатыр.
– Ауыл мектептерінің саны 5 мыңнан асады. Шағын мектептер саны – 2700. Оның ішінде кіріктірілген сыныптармен, яғни, 10-20-30 бала оқитын мектептердің саны мыңға жуықтайды. Шағын жинақты мектептердің көпшілігі шалғай ауылдарда орналасқан. Шекара маңындағы мектептердің де есебін жүргізіп отырмыз. Біздің ұстанымыз – шекара маңында орналасқан мектептерді қандай жағдайда да сақтап қалу. Оларды жаппау тұрғысында әкімдіктерге өз ұстанымызды айтып отырмыз, – деді министр.
"Шекара маңындағы мектептерді жаппау керек" деген ұстанымды көпшілік қолдайтындай. Себебі, алыс ауылдардағы негізгі жұмыс көзінің бірі – мектеп. Министр осыған дейін ауыл тұрғындарының көшуіне байланысты мектепте оқитын баланың аздығынан жабылуы кездескенін айтқан болатын. Десе де, нақты саны жоқ екенін, жыл сайын есеп жүргізілетінін жеткізді.