Шекарадағы келіспеушілікті реттеуге Қырғызстан тарапына 10 күн берілді

707

Шекарадағы келіспеушілікті реттеуге Қырғызстан тарапына 10 күн берілді

Қазақ-қырғыз шекарасындағы тауар айналымын қайта жандандыру үшін Қырғызстан тарапы тасымалданатын тауардың нақты бағасын айқындап, екі елдің кедендік салық мөлшері теңестірілуі қажет. Бүгін еуразиялық көлік-логистикалық жүйелерді дамыту перспективалары жөніндегі xалықаралық конференция аясында мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары осындай пікір білдірді, деп хабарлайды khabar.kz.

Айтуынша, шекарадағы контрабанданы жою мақсатында қазір Қырғызстан үкіметімен бірқатар келіссөз жүргізілген. Алайда мәселенің қашан шешілетіні әлі белгісіз көрінеді.

"Кірістер комитеті өкілдері сөзінше, шекарадағы келіспеушілікті реттеуге Қырғызстан тарапына 10 күн берілді. Осы уақыт аралығында көршілес ел кеденшілері тасымалданатын тауар құжаттарын реттеп, бағасын қазақ тарапымен бірлесе белгілеп, салық мөлшерін ЕЭО шарттары бойынша ортақ, яғни бірдей қылулары керек", - дейді ҚР мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Ғұсман Әмрин. 

Қытайдан тасымалданатын тауардың құны Қырғызстан кедені арқылы өткенде, төмен бағамен көрсетіледі. Яғни ЕЭО елдері осының салдарынан салықтық кірістен қағылып отыр. Бұндай олқылықтың алдын алу үшін Қазақстан шекарадағы тексерісті күшейтуге мәжбүр. Тауардың құжаты, нақты құны, қай жақтан, қашан келгені туралы ақпарды анықтау жұмысын қолға алды. Мұндай бақылау жүргізу көп уақыт алатыны белгілі. Сондықтан шекарада ұзын-сонар адам және көлік кезегі орнап отыр. Қырғыз билігі кемшіліктерін жоймаса, яғни сол тауардың нақты бағасын белгілеп, кедендік бекеттегі салық көлемін көршілес елдермен теңестірмесе, бақылау күшейе береді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу